«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер жетімдерге етік тігуді тегін үйретеді

2018 жылғы 01 Ақпан
- Ақтөбе облысы
5928 просмотров

Ақтөбелік кәсіпкер «Атамекенім» акциясының аясында Әлеуметтік бейімдеу орталығының жастарын білім беру патронатына алған. «Блеск» шеберханасында жетім балаларға етік тігу ісін тегін үйретуді бастады. Әзірге келешекке үлкен жоспар құрған үш жігіт тәлім алып жатыр.

Солардың бірі ­– Иван Девятов, 24 жаста. Ол Газ саласының маманы, алайда ол салада жұмыс істемей, жеке кәсібін ашуды қалайды. Бастапқыда етік жөндеуді жөн көріп отыр. Жастар тұрып жатқан әлеуметтік орталықта арнайы жабдықталған бөлме де бар.

«Етік ісімен айналысамын деп шештім, себебі шеберхана бар, ал шеберлер жоқ. Бұл шыдамдының атқаратын ісі, ал менің сабырым таудай. Бастысы қызығушылық керек. Қазір осы іспен айналысуға ынтам зор», – деді Иван Девятов.

Қаладағы ірі шеберханалардың бірі саналатын «Блеск» шеберханасының мамандары шеберліктің құпиясымен бөлісіп, жастарды осы іске баулып отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасын бірден қолдап, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығының жастарын тегін оқытуды қолға алған. Бір ай бойы осы мамандықтың негізін үйретіп, машықтандырады. Тек тәжірибе жинақтап, қолдарын жаттықтырулары керек. Одан кейін жеке кәсіп ретінде бастаса да болады. Шеберхана иесі алдағы уақытта да көмектесетінін жасырмайды.

«Жеке өндірістік істі бастауға қажетті материалдармен көмек көрсете аламыз. Желім, резина, былғары, сыдырма секілді заттар қажет. Қажет жағдайда қайдан алу керектігін де айтамыз», – дейді қолдау білдірген кәсіпкер Айтқали Тақауев.

Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы 2017 жылдың шілде айында ашылған. Бүгінде орталықта 16-29 жас аралығындағы 105 жас тұрып жатыр. Демеушілер нысан құрылысын бастағанда-ақ жетімдердің жұмысқа орналасуын ойлап, тігін, етік шеберханаларын жасап, сән салонына да орын бөлген. Аулада жылыжай да бар. Ең бастысы жастарға қалай жасау керектігін үйретіп, өздері қаражат табатындай деңгейге жеткізу керек.

«Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» акциясы аясында Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығының жастарына жабдықталған цех базасында өз ісін ұйымдастыруға көмектесетін кәсіпкерлерді іздейді. Орталықта 66 ш.м. сән салоны, 50 ш.м. тігін цехы бар. Сондай-ақ әрқайсы 75 ш.м. болатын 2 жылыжай да жасалған. Біз шаруа қожалықтарына жастарға көмек көрсетуге шақырамыз. Олар үйреніп, кәсіпкерлікпен айналысуды бастау керек»,­ – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлмира Қазмұхамбетова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Бизнес-мектеп» жобасының аясында жастарға көмектесуді әлі де жалғастырмақ. Жастар «Бизнес-Кеңесші» курсын тегін оқи алады. Сарапшылар бизнес-идеясы бар жастарға грант алуға да көмектесуге дайын.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер