«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті

2020 жылғы 03 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
7221 просмотров

Отырыс барысында өңірлік кеңестің жаңа төрағасы сайланды және қызметтің басым бағыттары анықталды

Ағымдағы жылы өткен онлайн-сайлау қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің құрамына өңірдің танымал кәсіпкерлерінен 33 мүше кірді, олардың 60%-ы Ақтөбеден және 40%-ы облыс аудандарынан сайланды. Кәсіпкерліктің барлық салалары ұсынылған.

Бұл ретте Өңірлік кеңестің алдыңғы құрамынан 7 кәсіпкер жаңа құрамға өтті. Жаңа құрамның өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бұл қоғамдық негіздегі жұмыс және еңбекақы төленбейді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова дауыс беруге қатысқан өңірдің барлық бизнес өкілдеріне алғыс айтып, Өңірлік кеңестің жаңа құрамы кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысатынына сенімін білдірді.

«Өз тәжірибелері мен кәсіпкерлік саласында туындайтын мәселелерді ішкі жағынан көрудің арқасында өңірде бизнестің дамуына қосқан зор үлесі үшін алдыңғы құрамдағы Өңірлік кеңес мүшелеріне алғысымызды білдіреміз. Өңірлік кеңес өзінің басты мақсаты ретінде жергілікті бизнес мүддесін қорғауды алға қоятын, Кәсіпкерлер палатасының жұмысын бақылаушы орган екені белгілі. Өңірлік кеңес мүшелері бизнестің проблемалық мәселелерін шешуге қатысады, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдеседі, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады және мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы нақты диалог алаңына айналады», – деп атап өтті ӨКП директоры.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізгі функциялары мен міндеттерін белгілеп, ерекше назар аударылатын қызмет бағыттарын атап өтті.

«Қызметіміз өңір кәсіпкерлеріне тәжірибелік көмек көрсетуге бағытталған. Осы шаралардың ішінде негізгілерін бөліп көрсетуге болады. Бұл кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау; шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу; өңірде кәсіпкерлік үшін қолайлы ахуал қалыптастыру; бизнесті сервистік қолдау үшін қажетті жағдайлар жасау, бұл өз кезегінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық қамту үлесін арттыруға ықпал етеді; жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту және жұмыс жасап жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау; ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасау, сондай - ақ жалпы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту», – деп атап өтті Анар Даржанова.

Өңірдегі кәсіпкерліктің даму болашағы мен Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі жұмысынан күтілетін нәтижелер туралы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері де өз ойларымен бөлісті

Айта кету керек, Өңірлік кеңес мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын талқылауды да назардан тыс қалдырмады және бизнес-қоғамдастық атынан экономиканы сауықтыруға және елдегі кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға бағытталған Жолдауда сөз болған шараларға қолдау білдірді.

Атап айтқанда, Президенттің Реформаларды стратегиялық жоспарлау жөніндегі Агенттік және Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі Агенттікті құру сияқты тапсырмаларының маңыздылығы атап өтілді. Нақты айтқанда, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына ҚР Үкіметімен бірлесіп, отандық өндірушілердің тауарларындағы қазақстандық қамту үлесін одан әрі ұлғайтуға бағытталған шаралар бойынша ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ Салық кодексіне тексеру жүргізу, оны кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі түсінікті етіп дайындау тапсырылды.

Өңірлік кеңестің бірінші отырысының аяғында жаңа құрамның Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасын сайлау өтті. Кездесуге қатысушылардың бірауыздан шешімімен осы орынға «Дастан» компаниялар тобының президенті Асхат Айтжанов сайланды.

Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің сайланған төрағасы өзіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Өңірлік кеңестің жаңа құрамы Палата жұмысына және өңір бизнесінің мүдделерін қорғау мен қолдау көрсету мәселелеріне одан да үлкен серпін беретініне сенімін білдірді. Және де билік пен бизнес арасындағы диалог мүлдем жаңа сапаға ие болады.

«Бұл шағын және орта бизнестің негізгі міндеттерін тиімді шешуге, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жоюға, кәсіпкерлерді құқықтық қолдауға, іскерлік ахуалды жақсартуға, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі», - деп атап өтті Өңірлік кеңес төрағасы.

Өңірлік кеңестің бұрынғы құрамын белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов басқарды.

Сондай-ақ, Өңірлік кеңестің отырысы барысында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Ойыл, Әйтеке би және Мәртөк аудандарындағы филиалдарының директорлары лауазымына кандидатураларды келісу өтті.

Анықтама үшін: Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 4 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасытуралы» Заңының 25-бабына сәйкес Өңірлік кеңес өңірлік палаталарының байқаушы органы болып табылады.

Өңірлік кеңес:

1) мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдеседі;

2) басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдеседі;

3) өңірлік палата және өңірлік палаталардың филиалдары қызметінің шеңберінде Ұлттық палатаның міндеттерді орындау барысын және мақсаттарға қол жеткізуін бақылайды;

4) өңірлік палаталардың ағымдағы қызметінде экономиканың нақты салалары мен секторлары мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз етеді;

5) съезге Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

6) өңірлік палаталар мен өңірлік палаталардың филиалдары басшыларының кандидатураларын тағайындау үшін келіседі;

7) кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер