«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қолдау, дауыс беру — әркімнің жауапкершілігі

2022 жылғы 28 Мамыр
- Ақтөбе облысы
4920 просмотров

Ақтөбелік кәсіпкерлер мен банк өкілдері республикалық референдумды қолдауға қатысты пікірін білдірді. Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдері бірнеше ұжым қызметкерлерімен кездесті.

Jusan Bankтің облыстағы филиалы ұжымымен кездесу өткізген өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова қоғамдық кеңестің, конституциялық реформаларды түсіндіру жөніндегі штаб мүшесі ретінде алдағы референдумның маңызына және еліміздің негізгі заңына ұсынылып отырған өзгерістерге жан-жақты тоқталды.

"Елімізде реформалардың құқықтық негізі болатын өзгерістер талқыланып жатыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру — баршаға жүктелген міндет. Тәуелсіз Қазақстанның басты құжаты — Конституция. Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын түсінуіміз керек. Сондықтан немқұрайлылық танытпай, өзіміздің азаматтық ұстанымымызды көрсетуіміз керек. Конституциялық реформалар еліміздің саяси-қоғамдық өмірінің барлық саласын қамтиды", — деді Дана Бекбауова.

Банк қызметкерлері Мемлекет басшысының еліміздің өсіп-өркендеуі мен оның болашақтағы дамуы жолындағы референдумға еліміздің әр тұрғыны қатысуы  керектігі туралы бастамасын бірауыздан қолдады.

"Негізгі Заңды жаңарту елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптаса бастағанын,  Президенттің жаңа Қазақстанды құруға деген берік ұстанымын көрсетеді. Бұл — Жаңа Қазақстанның дамуына жасалған қадам. Мен өз әріптестерімді ұрпақ болашағы үшін осы өзгерістерге үн қосуға шақырамын", —  деді  банк филиалының директоры Айгүл Куватчанова.

Республикалық референдум тақырыбы өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дидар Боранқұловтың қаладағы шатыр өндірісімен айналысатын «Dulat» орталығы ұжымымен кездесуінде де айтылды. Серіктестік директоры Азамат Сайымов Конституцияға енгізілетін маңызды өзгерістер азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерін арттырып, демократияландыру үдерісін тиімді жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.

"Конституцияны жаңарту «халық мемлекет игілігі үшін емес, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек» деген тұжырымдаманы бекітеді. Ол үшін әр азамат референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы керек. Мен міндетті түрде референдумға барамын. Біз Жаңа Қазақстан үшін дауыс береміз", — деді ол.

Кездесулер барысында барлық қатысушыларға ақпараттық парақшалар таратылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер