«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес үшін әскери салада тамақтандыру қызметін ұйымдастыру тиімсіз

2022 жылғы 11 Қараша
- Ақтөбе облысы
5425 просмотров

Бұл туралы Ақтөбе гарнизонының әскери прокурорымен кездесуде әскери бөлімдер мен мекемелерге тамақ жеткізушілер мәлімдеді. Шара өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтті.

 

Бүгінде жалпы әскери азық-түлік рационының құны 1713 теңгені құрайды. Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша және республикалық бюджет комиссиясының шешімімен жақын арада рацион құны 26-30%-ға артып, 2250 теңге көлемінде бекітілмек.

 

Алайда «Невим» ЖШС жаңа конкурсқа шықпайтынын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігінің желісі бойынша бұл қызметтер нарығында  олар шамамен 12 жыл жұмыс істеп келеді.

 

 «Үш жылға жаңа баға жарияланды. Осы уақыт ішінде инфляция қанша мың пайызға өсетіні белгісіз. Біздің қызметтеріміздің еңбегіне сәйкес келмейді. Осы шектеуге сәйкес келу үшін арзанырақ азық-түлік өнімдерін іздеуіміз керек. Жұмысшылардың еңбекақысы, салық төлемі бар. Бүгін біздің сала –  тиімсіз қызмет түрі. Біздің өз жеткізушілеріміз бар, олардың саны 15, 20 компания. Әскери  лимитіне сәйкес келуі үшін олардан арзанырақ сатуды, төлемдерді кейінге шегеруді сұраймыз», – дейді «Невим» ЖШС директорының орынбасары Ибрагим Хасанов.

Кәсіпкерлер келісімшартта инфляцияны ескеруді сұрады. Бір жыл ішінде Қорғаныс министрлігі инфляцияны ескере отырып, келісімшарттарды қайта қарауы үшін қосымша келісімшарт жасасуға көшсе дейді.

 

Айта кетейік, кездесу Ақтөбе гарнизоны әскери прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды. Өңірлік «Атамекен» тарапынан  «Бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесіне нұқсан келтірудің алдын алу мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп ұсыныстар пысықталатын болады.

 

«Проблеманы шешу жолдары бар мәселелердің нақты тізімін тұжырымдауды сұраймыз. Біз ұсыныстарды реттеп, Үкімет деңгейінде одан әрі пысықтау мақсатында ҰКП-ға жібереміз. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілерді тарту мүмкіндігіміз бар», – деп атап өтті ӨКП директоры Дана Бекбауова.

Әскери прокурор Жандарбек Спанның айтуынша, сұрақтар мен ұсыныстар әскери прокуратураға да жіберілуі мүмкін. Спикер Бизнес субъектілерінің құқығын қорғау, прокуратура органдарына жүгіну тәртібін түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер