«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан мен Пәкістан стратегиялық әріптестікті нығайтуда: Исламабад қаласында Үкіметаралық комиссияның 13-отырысы өтті

2025 жылғы 02 Мамыр
- Астана қаласы
681 просмотров

Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы Үкіметаралық комиссияның 13-отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев пен Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық экономика министрі Ахад Хан Чима тең төрағалық етті.

Комиссия отырысы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау және жаңа бағыттарды айқындау үшін маңызды алаңға айналды. Екі елдің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері Қазақстан мен Пәкістан арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогты және тұрақты дамып келе жатқан қатынастарды атап өтті. Сауда-экономика, инвестиция, көлік және логистика, білім беру, мәдениет, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да негізгі салалардағы серіктестікті кеңейтуге зор әлеует бар екені айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған, нақты әрі өлшенетін нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін Хаттамаға қол қойылды.

Ресми сапар аясында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин Исламабад және Равалпинди сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылығы және мүшелерімен кездесті. Келіссөздер барысында институционалдық өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары, негізгі салалардағы серіктестік байланыстарды дамыту және Қазақстан мен Пәкістанның іскерлік қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Тараптар құрылыс, машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту сияқты салаларда серіктестікті нығайтуда жоғары әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстан мен Пәкістанның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды орнатуға, тәжірибе және үздік практикалармен алмасуға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер нәтижесінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Исламабад және Равалпинди сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар институционалдық әріптестікті дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің экспорттық әлеуетін ілгерілетуге бағытталған.

Сонымен қатар, өзара іскерлік делегациялардың сапарларын ұйымдастыру, бірлескен форумдар, көрмелер мен таныстырылым іс-шараларын өткізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Бұл бастамалар тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға, экспорттық-импорттық операцияларды кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Пәкістан тарапымен байланыстарды дамыту қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл отандық кәсіпорындардың Оңтүстік Азия нарығына шығуына және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай қалыптастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер