«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Пекинде өткен ШЫҰ Іскерлік кеңесінің отырысында Қазақстан сөз сөйледі

2025 жылғы 16 Шілде
1055 просмотров

2025 жылғы 16 шілдеде Бейжің қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Іскерлік кеңесінің 26-отырысы өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының ұлттық тарапы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы қатысты.

Қазақстан делегациясын «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталов және ҚР ҰКП Президиумы төрағасының хатшылығының басшысы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов бастап барды.

Отырыста Райымбек Баталов ШЫҰ аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, іске асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастықты кеңейту перспективалары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, ШЫҰ елдері елеулі бәсекелестік артықшылықтарға ие:

«Табиғи ресурстардың молдығы, аумақтық және технологиялық артықшылықтардың үйлесімі мен ұйым ішіндегі бірлік арқылы ШЫҰ Іскерлік кеңесі халықаралық аренада беделге ие болып, көптеген елдер мен серіктестердің назарын аударуда», — деді ол.

Ұсынылған деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 67 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген қызығушылық пен іскерлік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Райымбек Баталов өз сөзінде Қазақстанның белсенді қатысуымен 2024–2025 жылдары ШЫҰ аясында өткен бірқатар маңызды іс-шараларға ерекше назар аударды. Олардың қатарында:

  • ШЫҰ ұлттық үйлестірушілер кеңесінің отырысы;
  • Астанада өткен ШЫҰ Іскерлік кеңесінің 25-жылдығына арналған отырысы мен Мемлекет басшылары саммиті;
  • ШЫҰ Жастар даму форумы;
  • Көпжақтылық пен жаһандық басқару мәселелеріне арналған халықаралық конференция;
  • ШЫҰ-ның Тұрақты даму жылы аясындағы дөңгелек үстел;
  • ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Инвестицияларды ілгерілету жөніндегі Бірлескен жұмыс тобының 9-отырысы және «Қытай-ШЫҰ» тұрақты даму саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық конференциясы;
  • «Орталық Азия — ШЫҰ өзегі: бірлескен даму жолындағы 25 жыл» форумы және басқалары бар.

Сондай-ақ, Райымбек Баталов Қазақстан тарапынан Іскерлік кеңес қызметінің бағыттарын өзектендіру бастамасы ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді экономикалық даму стратегиясында көрініс тапқанын атап өтті. Негізгі басымдықтар — цифрлық трансформация, жасыл технологиялар, тұрақты даму және өнеркәсіптік кооперация.

«ШОБ икемділігі мен жаңашылдығының арқасында бірлескен бастамалардың маңызды қатысушысына айналуы тиіс. Мұндай кәсіпорындарды қолдау — негізгі басымдық», — деді ол.

Сөз соңында Райымбек Баталов Қазақстанның алдағы уақытта да ШЫҰ-ның экономикалық бағытын дамытуға белсенді үлес қосуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және өңірдің тұрақты өсуіне бағытталған көпжақты бастамаларды іске асыруға дайын екенін растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер