«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда «Ғылым мен өндіріс: коммерцияландырудың жаңа мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 23 Қазан
- Түркістан облысы
168 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп «Ғылым мен өндіріс: коммерцияландырудың жаңа мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өткізді.

Жиынға өңірдің жетекші ғалымдары, кәсіпкерлері мен өндіріс өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы, экология, азық-түлік өндірісі және цифрландыру бағыттарындағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесудің басты мақсаты — ғылыми идеяларды нақты өндіріс процесіне енгізу арқылы өңірдің инновациялық әлеуетін арттыру болды.

Профессор Насым Рустамов жылыжай шаруашылығында пайдаланылған топырақты электрогидравликалық жүйе арқылы тазарту және су ресурстарын үнемдеудің жаңа технологиясын ұсынды. Ал «Agrofarma Tried» ЖШС өкілі Нұржан Умаров минералды тыңайтқыштардың топырақ құнарлылығына әсерін зерттеп, экологиялық тиімді шешімдер ұсынды.

Биология ғылымдарының докторы, профессор м.а. Уалихан Жұмабаев диабеттік тағамға арналған қышқылды сүт өнімін өндіру жобасымен бөліссе, «Отырар Ет-Сүт» ЖШС директоры Нұрсұлтан Ахаев түйе еті мен сүтінен экологиялық таза өнім алу жолдарын таныстырды.

Сонымен қатар, PhD, ХҚТУ оқытушысы Курбанбеков Шерзод мақта тазалау машиналарына арналған наноқұрылымдық қорғаныш жабынды әзірлеу жобасын таныстырды. «Бахытжан» және «Айдархан» шаруа қожалықтарының өкілдері мақта майы мен мақта целлюлозасын өндіру бағытындағы инновациялық бастамалары туралы айтты.

Химия ғылымдарының кандидаты Абибулла Конурбаев су тапшылығын шешудің тиімді тәсілі ретінде электродиализатор құрылғысын ұсынды. Ал «Agrotur» ЖШС директоры Данияр Калтаев жылыжай шаруашылығында топырақты қалпына келтіру мен суды үнемдеудің озық тәжірибесін ортаға салды.
Цифрлық офицер Абылайхан Тастанбеков агроөнеркәсіп саласын автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы өз ұсыныстарымен бөлісті.

Кездесу соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, ғылыми идеяларды нарық талабына бейімдеу және оларды өндіріске енгізудің нақты жолдарын талқылады.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев шараның маңыздылығын атап өтіп:

«Бүгінгі дөңгелек үстел – ғылым мен бизнестің бір арнада тоғысқанын көрсететін айқын мысал. Біз инновациялық жобаларды нақты өндіріс процесіне енгізу арқылы өңірдің экономикалық өсіміне жаңа серпін бере аламыз. Палата әрдайым осындай бастамаларды қолдап, кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы байланыс көпірін нығайтуға дайын», – деді.

Қатысушылардың пікірінше, ғылым мен өндірістің интеграциясы өңірдің инновациялық экожүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Мұндай кездесулер Түркістан облысының ғылыми-инновациялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік сектордың бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтермек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174